АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БІР РЕТТІК КӨМЕК БЕРІЛЕДІ

Жаңалықтар Қоғам

Жаңа оқу жылына дайындық барысын әңгімелеген шаһардың бас ұстазы әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға қаржы қаралып, жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әр балаға 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілетінін жеткізді.

Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде айтты.

– Жаңа оқу жылында мектепке 222 мыңнан астам оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде, 1-сыныпқа қабылдау жоспарланған 24 169 оқушының, электронды форматта 17 401-і (72%) қабылданды. Сабақ қашықтан және «кезекші сыныптардың» қатысуымен мектепте санитариялық тазалықты сақтай отырып жүргізіледі. Әзірге шалғайдағы тұрғын алаптарда орналасқан 8 мектеп толығымен штаттық режимде сабақ өтеді деп жоспарлануда. Бұл жерде ата-аналардың рұқсаты ескеріледі. Аталған мектептерде бала санының аздығы есепке алынды. Жалпы мектепте бала саны 200 оқушыдан аспайды.

Қашықтан оқитын оқушылардың ішінде аз қамтылған және әлеуметтік әлсіз топтары мен көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларды компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде,- дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы.

Жаңа оқу жылында 5 100 орындық 8 мектеп (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебі пайдалануға беріледі.

 

Please follow and like us: