АРУЛАР БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жаңалықтар
Шымкент қаласында 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Көктем аруы – 2021» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Қаладағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шара «Аналарды ардақтайық» акциясы аясында шаһар өмірінде белсенділік танытқан, үздік жастардың аналарын марапаттаумен басталды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 ана осындай ерекше сый-құрметке бөленді.
Қазақ аруларының бойындағы асыл қасиетін көпшілікке паш ететін «Көктем аруы – 2021» байқауына салт-дәстүрді жетік білетін, шығармашылық қабілеті бар 30 ару 4 кезең бойынша бақ сынасты.
Сұлулық сайысының ережесіне сәйкес 16-25 жас аралығындағы, бойы 170 см кем емес мектепте жоғары сынып оқушылары, арнаулы орта кәсіп және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Үміткерлер «Қазақ қызы» топтық биімен көрермендерге өзін таныстырып, «Шығармашылық өнер сайысы» кезеңінде өз өнерін көрсетті. «Зияткерлік» бөлімінде қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері жөнінде сұрақтарға жауап берді. «Ұлттық нақыштағы көйлектер дефилесі» арқылы қатысушылар қазақы оюлармен өрнектелген сәндік киім үлгісін ұсынды.
Әділ-қазылардың қорытындысы бойынша III- орынға Аружан Манжан, II – орынға Аяна Сәдуақас және I – орынға Аружан Арыстан деп табылса, БАС ЖҮЛДЕНІ – Қарақат Орынбасар иемденді.
Please follow and like us: