Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКСОЙ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

1.8kқаралым
Түркі тілдес елдердің өнері мен мәдениетін дәріптейтін ТҮРКСОЙ-дың киелі Түркістан қаласында кеңсесі ашылуы мүмкін. Ұйымның ұйытқы болуымен Түркістанда өтетін бірқатар маңызды шаралардың барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесуінде жан-жақты талқыланды.
Тараптар күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанды жаһанға паш ету жолындағы тың жобаларды талқылады. Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыруға арналған маңызды жобалардың іске асырылғаны айтылды. Облыс басшысы халықаралық ұйымның маңызды қызметін айрықша атап өтті.
— Түркі мемлекеттерінің өзара байланысын арттырда ТҮРКСОЙ-дың миссиясы зор. Түбі бір түркі халықтарының мәдениетін дәріптеп, мәдени құндылықтарын сақтау жолындағы еңбектеріңіз ерен. Күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде біз де мәдениет пен өнер саласындағы мәселелерге баса мән береміз. Бұл бағыттағы бастамалар мен тың жобаларға қуана қолдау білдіреміз. Ұлттық тағылымы мол, жаңа танымдық жобаларға және әдебиет пен ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларға айрықша назар аударамыз,— деді Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында 2021 жылы ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған Түркістан қаласының әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Өз кезегінде, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы түркі әлеміне ортақ шаралардың бірқатарын атап өтіп, келер жылы Түркістанда жастар арасында өтетін этнофестиваль мен халықаралық форумның маңыздылығын атап өтті. ТҮРКСОЙ желісі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін іс-шаралар мен жобалар туралы хабардар етті.
Кездесуде Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі нәтижесінде ел назарын аударған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльдің түркі тілдес елдеріне турне жасауы туралы мәселе көтерілді. Сондай-ақ «Turkistan» телеарнасын түркіге ортақ ақпарат алаңына айналдыру мәселесі сөз болды. Халықаралық телеарнаның ақпарат алмасу мен медиа кеңістік қалыптастыруға бағытталған алтын көпір болу жолында түркітілдес елдерде бөлімше ашу туралы да айтылды.
Please follow and like us: