Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ИМПОРТТАН ЭКСПОРТҚА НАҚТЫ ҚАДАМ

17қаралым

Республика күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасы және қолдауымен Шымкентте елімізде ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды.

Өндіріс ошағының ашылуына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен
қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, лентасын қиды.

«QAZALPACK» компаниясы — Шымкентте сусын түрлерін өндіруші саланың қарқынды дамуына зор септігін тигізетін, жоғары стандартқа сай жасалған ең озық үлгідегі заманауи өндіріс ошағы. «Оңтүстік» индустриялық аймақта орналасқан бірегей жобаның аумағы 20 000 шаршы метрді құрайды. Қуаттылығы жылына 600 млн альюминий банка шығаруға негізделген. Өнімдерімен Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай, экспортқа шығаруға қауқарлы.

Алюминий экологияға зиянсыз, пайдасы – мұндай құтыны бір емес, бірнеше рет өңдеп өндірістен қайта шығаруға және оны қайтадан пайдалануға болады.

Министр аталған жобаның маңыздылығына назар аударып, үшінші мегаполис экономикасын өркендетуде осындай өндіріс орындарының үлес салмағы басым болуы қажеттігін айтып өтті.

Ал өз кезегінде қала басшысы М.Әйтенов Шымкентте мемлекеттік  қолдаудың арқасында жыл санап жаңа өндіріс орындары артып отырғанын алға тартты. “Бүгін Орталық Азиядағы алюминий банкалар шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы аяқталды. Өз кезегінде жаңа тың жобаны іске асырған компания ұжымын құттықтаймын!
Біз еліміздегі үшінші мегаполистің экономикасына ауқымды инвестиция тартумен қатар, жоғары стандарттарға сай келетін өндірісті дамытып, импорттық үлесті азайту бағытында жұмыс істейтін боламыз”,-деді ол.

Айтып өтейік, жоба аясында газдалған және газдалмаған, төмен алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі, оңай ашылатын қақпағы бар алюминий банкаларын шығару жоспарланған. Алғашқы қадамдар жасалынды. Енді зауыт басшылығы 145 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз деп отыр.

Please follow and like us: