ШЫМКЕНТ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК БОЙЫНША БЕСТІККЕ КІРДІ

Жаңалықтар
2021 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 59,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға артты. Өсім бойынша қаламыз республикада бірінші бестікке кіріп отыр. Ал, 2020 жылдың осы уақыт аралығында қала экономикасына 47,2 млрд. теңге инвестиция тартылған болатын.Инвестициялық өсімнің артуы және нәтижелі жұмыс үшін Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен инвестициялық штаб құрылған.
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдар жалпы құны 2,5 трлн. теңгені құрайтын 261 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады. Оның ішінде, 2021 жылы жалпы құны 171,6 млрд. теңгені құрайтын, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен, 68 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында осы жылы қала аумағында 56,1 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 21 жобаны іске қосу көзделген.
Жоғарыда аталған жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу, проблемалық мәселелерін шешу, қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту жұмыстары апта сайын инвестициялық штаб отырысында қаралып отырады. Штабтың негізгі қызметі – инвесторларды мемлекеттік қолдау арқылы ынталандыру, қала аумағында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту мен жаңарту, жаңа өндіріс алаңдарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы проблемалық мәселелерді шешуді жеделдету.
Штаб отырысында инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда бірқатар жүйелі мәселелер шешімін табуда.
Please follow and like us: