ШЫМКЕНТТЕ ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Жаңалықтар
Жыл көлемінде аянбай еңбек еткен қаламыздағы 12 үкіметтік емес, қоғамдық және волонтерлік ұйымдар Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің атынан арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Алғыс хатты табыстаған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан еріктілердің атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, қоғам мүддесі жолында әрдайым бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды – Волонтерлер жылы деп жариялап, баршамызға, әсіресе жастарға үлкен жауапкершілік жүктеген болатын. Волонтерді ең алдымен нағыз патриот дер едім. Ол – өз әрекетін сөзімен емес, ісімен дәлелдейтін адам. Пандемия кезінде жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созып, әрдайым игі бастамалардың жанынан табыла білді. Осы сәтті пайдаланып, барлық волонтерлерді жыл көлеміндегі табысты еңбектерімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!, – деді Шыңғыс Мұқан.
Айта кетейік, марапат иегерлерінің қатарында «Отбасы банк» акционерлік қоғамы, «Mobil plus Көмек» қоғамдық қайырымдылық қоры, «XIII Legion» салауатты өмір салтын дамыту қоры, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры және «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ «Харекет» қайырымдылық қоры, «Қазақстан еріктілерінің лигасы» ҚҚ Шымкент қалалық филиалы, «Сенім» медициналық еріктілер ұйымы, «Добряки Шымкента» волонтерлік ұйымы, «Джанин» қайырымдылық қоры, «13 регион компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Волонтеры Шымкента» волонтерлік қозғалысы бар.
Шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Please follow and like us: