ШЫМКЕНТТІК ПОЛИЦЕЙЛЕР АВТОКӨЛІК ҰРЛАП, БӨЛШЕКТЕП САТЫП ЖІБЕРГЕН АЗАМАТТЫ ҰСТАДЫ

Жаңалықтар Қоғам Мәселе
2021 жылдың 11-қарашасында Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, үйінің ауласында тұрған «Ваз 21093» маркалы автокөлігін белгісіз біреулердің түнгі уақытта заңсыз иемденіп кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі-1 300 000 теңгеге жуық.
Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті. Ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, күдік тудырған азаматтардан түсінік алды. Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, 2022 жылдың 15-қаңтарында осы жайтқа қатысы бар азамат қала аумағынан ұсталып, басқармаға жеткізілді. Ол бұрын соңды ұрлық және тонау жайттарымен істі болған 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындады. Ол ұрлаған «Ваз 21093» маркалы автокөлікті бөлшектеп, қаладағы «Тұлпар» автокөлік базарына бас пайдасы үшін 200 000 теңгеге сатып жібергені белгілі болды. Көліктің қосалқы бөлшектері базардан тәркіленіп алынды.
Қазіргі кезде оған қатысты ҚР ҚК 200-бабымен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарына жеке мүліктеріне аса сақ болуға шақырады.
Егер, Сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.
Please follow and like us: