ТҮРКІСТАНДА «АШЫҚ ӘКІМДІК» КЕҢСЕСІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жаңалықтар
Түркістан қаласында «Ашық әкімдік» кеңсесінің тұсауы кесіліп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев онлайн форматта Бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Шараға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Айбек Шілманов және облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. «Ашық әкімдік» мақсаты – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін көздейтін алаң құру. Осылайша өңір тұрғындары алдын-ала жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерінің түйіткілді мәселелерін көтере алады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалың ел тарапынан кеңінен қолдау тапты. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ашылуы мемлекеттік аппаратты трансформациялаудағы, сондай-ақ жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді қалыптастырудағы және халыққа қызмет көрсетуде жайлылықты арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Ел игілігі үшін ашылған бұл кеңсе көптеген мәселелердің күрмеуін шешуіне өз септігін тигізетіні сөзсіз», – деді облыс әкімі.
Жаңа алаң халықпен ашық пікір алмасуға, бұқарамен кездесуге, елдің жағдайымен жақыннан танысу мақсатында, жаңадан бой көтерген басқармалар үйінің бірінші қабатынан ашылды. Бірыңғай кеңсе форматы жобасында өтініштермен жұмыс жасайтын 21 және тікелей мемлекеттік қызмет көрсетілетін 16 облыстық басқармалардың мамандары қамтамасыз етілген.
Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған. Сонымен қатар, мұнда тұрғындармен «Ашық диалог» форматында open space залы жұмыс іске қосылып, жеке мәселелері бойынша азаматтардын қабылдау өткізіледі.
Бірыңғай қабылдау күнін өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарымен онлайн режимде тілдесті. Шағым – тілектерін тыңдап, жауапты орынбасарларына тапсырма берді. Атап айтсақ, Сайрам ауданынан өтінішпен шыққан жергілікті тұрғын зауыт ашу үшін жер сұрады. Осыған орай бір ғана Қарабұлақ ауданында жер телімдеріне қатысты 1,5 мыңға жуық заңсыз әрекеттердің анықталғаны айтылды. Облыс басшысы заң талаптарына сәйкес кәсіпкер өтінішін жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ Мақтаарал ауданы, Жеңіс ауылының тұрғыны ауылдастары атынан алғысын айтып, ел аманатын жеткізді. Өмірзақ Естайұлы Бәйдібек, Арыс, Сайрам және Мақтаарал аудандарының тұрғындарының базынасына тиісті аудан мен қала әкімдеріне тікелей байланыс арқылы тапсырмалар жүктеді.
Бекітілген жоспар-кестеге сәйкес, облыс тұрғындарының өтініштерін барынша азайту және сапалы жауап берілуін арттыру мақсатында облыс әкімі аппараты тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Апта сайын облыс әкімінің орынбасарлары облыс тұрғындарын онлайн форматында жеке қабылдайды. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың көтерілген мәселелерін бір жерден шешімін тауып, өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Азаматтарды әр айдың соңғы жұмасы күні Бірыңғай қабылдау күндерін ұйымдастыру мақсатында, аталған кеңседе арнайы азаматтарды жеке қабылдау бөлмесі жасақталды. Тұрғындар түрлі мәселелер бойынша өтініш-тілектерін қалдыра алады.
Please follow and like us: