ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ СТУДЕНТТЕР ТҮРКИЯДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСА АЛАДЫ

Жаңалықтар Қоғам Мәселе

Шымкент қаласының туризм саласында білім алып жатқан студенттер енді Түркияда тәжірибе алмаса алады. Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері іссапар аясында Анталиядағы Туризм академиясының ректоры Зафер Биккеноглумен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Анталиядағы Туризм академиясы халықаралық деңгейдегі қонақжайлылық пен туризм индустриясы үшін жоғары білікті мамандарды дайындайтын бірегей оқу орындарының бірі болып саналады.

Кездесу барысында туристік қарым-қатынасты жақсартып, жастардың өзара тәжірибе алмасуы, сондай-ақ, біліктіліктерін арттыра отырып, оқуға қолдау көрсету жөнінде келісім орнады. Нәтижесінде қаладағы жоғары оқу орындарының арасындағы келісім негізінде екі жақты оқу жоспарын жүзеге асыра отырып, халықаралық деңгейдегі 2 диплом алуға мүмкіндік берілмек. Ол үшін Түркия тарапы Шымкент қаласының туризм саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарымен келісімге келуге әзір. Одан өзге, студенттер Анталия қаласындағы орналастыру орындарында 5 айлық өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, халықаралық деңгейдегі сертификат алады.

Алдағы уақытта академия басшылығы басқарма, оқу орындары және туристік бизнес өкілдерімен меморандумға тұрған жағдайда түрлі іс-шараларға қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс жүргізуге дайын.

Please follow and like us: